деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР халық әртісі Тұяқберді Шәмілов жетекшілік ететін оркестрдің бұл концертін ҚР мәдениет қайраткері Тұрарбек Хайралиев жүргізеді. Оған жеке орындаушылардан - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рымкеш Жұмаділова, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Талғат Күзембаев, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Медет Шотабаев, Жанар Ермағамбетова және тағы басқа әншілер қатысады.
Музыкатанушы ғалым, сазгер, дирижер, жазушы, тарихшы Ахмет Жұбанов бұл оркестрді 1933 жылы Алматыдағы музыкалық драма техникумы жанынан алғашқыда домбыра ансамблі ретінде ұйымдастырған болатын. 1944 жылы оған Құрманғазының есімі берілді. Сондай-ақ 1967 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымы атанып, 1978 жылы академиялық мәртебеге ие болды. Ахмет Қуанұлы бұл ұжымның тұңғыш дирижері болып, халық сазгерлерінің музыкалық шығармаларын оркестрге лайықтап нотаға түсірді. Ерен еңбегі үшін 1943 жылы өнертану ғылымының докторы атанып, 1944 жылы Қазақстанның халық әртісі, 1946 жылы ҚазКСР Ғылым академиясының академигі, 1948 жылы профессор мәртебесіне ие болды. Сазгердің "Отаным", "Ақ шолпан", "Біздің ел", "Жылқышы", Лирикалық ән" деген сияқты біршама әндері, "Тәжік биі", "Қазақ билері", "Төлеген Тоқтаров", "Ария", "Вокалдық сюита", "Абай сюитасы" симфониялық шығармалары және "Абай", "Төлеген Тоқтаров", опералары мен "Құрманғазы" радиооперасы секілді көптеген туындылары Қазақ халқының ұлттық музыка мәдениетіне жаңа өрнек қосты. Оның жетекшілігімен 1930 жылдары қазақ музыкасын зертейтін ғылыми кабинет, музыкалық тәжірибелік шеберхана, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы төралқасы жанынан өнертану секторы құрылды. Сонымен қатар 1936 жылы қазақ тілінде тұңғыш рет" Музыкалық әліппе" жазылды.