Алматыда академик Аманжол Қошановтың 75 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті

АЛМАТЫ. Қазанның 12-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін  Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде  экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Аманжол  Қошановтың 75 жылдығына арналған «Ақпараттық-инновациялық парадигмасының қалыптасуы жағдайында Қазақстанның қоғамдық ғылымдары» атты халықаралық ғылыми конференция өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Аманжол Қошанұлы еңбек жолын біздің экономика институтының кіші ғылыми қызметкерінен бастап, бүгінде ҚР ҰҒА Президиумының бас ғалым хатшысы, Ғылым министрлігі Ғылым академиясының вице-президенті лауазымына дейін көтеріле білді. Осы сатыларға дейінгі еңбегін ерекше бағалауымыз керек. Ол - қоғамшыл азамат. Қаныш Сәтбаев бастаған бүкіл Ғылым академиясы ортасында беделді, әрі танымал ғалым ретінде биіктен көрінді. Оның ғылымдағы алып отырған орны бүгінгі шараны қоғамдық-гуманитарлық ғылым деңгейінде өткізуге, қоғамтанушылардың басын қосып, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді талдауға себеп болды. Ол ғылымда әйгілі болғанымен, өте кішіпейіл, ұстамды және қазақи дана кісі. Менің ойымша,  Аманжол Қошанұлы - тұғыры биік тұлға, көрнекті ғалым-экономист», деді  ҚР БҒМ  Экономика институтының директоры, Ғалымдар одағының президенті, академик Оразалы Сәбден.

 БҒМ-нің  Экономика институты және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің ұйымдастыруымен өткізілген конференцияда  ғалымдар, экономистер, мамандар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, қоғамның, мемлекеттік билік органдарының және бизнестің өкілдері  академик Аманжол  Қошановты 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдіріп, сыйкәделерін табыстады.

 Конференцияға қатысушылар сонымен қатар, ғылым саласын дамыту, оның мәртебесін көтеру, бәсекеге қабілетті елдер қатарына ену үшін инновациялық экономиканы қалыптастыру мен дамыту жолдарын қарастыру мәселелерін талқылады.

   Аманжол Қошанов экономист ғалым ретінде біздің елде ғане емес,  ТМД елдерінде және шет елдерде де белгілі. Ол 15 ғылым докторын, 60-қа жуық ғылым кандидаттарын дайындады. 450-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде  40 монографияның авторы ретінде танымал. Үкімет тарапынан еңбегі жоғары бағаланып, «Парасат» орденімен, «Белсенді еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «XXI ғасырдың көрнекті интеллектуалы» және тағы да басқа медальдармен марапатталған. Бүгінгі мерейтойда Аманжол Қошановқа «Құрметті ұстаз»  атағы берілді.