Алматыда академик Сайым Балмұханов жайлы кітаптың таныстырылымы өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда «Өнегелі өмір» сериясы бойынша академик Сайым Балмұханов жайлы шығарылған кітаптың тұсауы кесілді.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының кіші залында өткен шараға Сайым Балмұхановтың жұбайы, туған-туыстары, әріптестері және жас ғалымдар қатысты.

«Бұл кітапқа Сайым Балмұхановтың өзінің жеке естеліктері, өмірбаяны, бұқаралық ақпарат құралдары бетінде ғылым жайлы жазған материалдарының көшірмелері, ол кісі жайында жазылған естеліктер, әр жылдары түскен суреттері және басқа да материалдар енгізілген. Сайым Балуанұлының адам денсаулығына Семей ядролық полигонының келтірген зардаптары туралы айтқан дүниелерінің барлығы полигонның жабылуына түрткі болды. Сондықтан, осындай біртуар тұлғамызды ұмытпауға тиіспіз», - деді өз сөзінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып.

ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сайым Балуанұлы Балмұханов 2014 жылы 19-шы ақпанда 92 жасқа қараған шағында дүние салған. Ол Қазақстанда рентген-радиология және радиобиология ғылымдарының негізін қалаушы. Көп жылдар Онкология және радиология институтын басқарды.

Сайым Балмұханов кезінде 14 ғылым докторы мен 80 ғылым кандидатына жетекшілік еткен.

Айта кетелік, «Өнегелі өмір»сериясын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығарады. Ол Қазақстанның ірі мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне, ғалымдар мен педагогтарға арналған. Күні бүгінге дейін осы серия бойынша 60 кітап шыққан. Сайым Балмұханов жайлы 500 данамен шыққан кітап - 56-шы шығарылым болып отыр.