Алматыда акцияларды орналастыру туралы шеберлік дәрісі өтеді

АЛМАТЫ. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ақпанның 11-12 күндері "Жаңа шыңды бағындыру" деген атпен акцияларды орналастыру туралы шеберлік дәрісі өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оны - Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығы (АӨҚО) мен "Visor Capital" және "Делойт" компаниялары бірлесіп ұйымдастырып отыр. Өйткені соңғы 18 айдың ішінде Орталық Азиядағы өзге елдер сияқты Қазақстан экономикасы да қиындықты бастан өткізді. Бұрын нарықтар негізінен өсіп келе жатқан бизнеске қаржыландыру көзі ретінде қарастырылса, енді бұдан басқа акционерлік капитал құрылымын өзгерту мүмкіндіктерін де қарауда. Бұл дәріс кезінде қатысушыларға акционерлік капитал нарығының мүмкіндіктері мен компанияларға инвестиция тартудың жөн-жоралғыларын ұғындырмақ. Қазіргі таңда ІРО нарықты дамытуға елде қолайлы жағдай қалыптасып отыр. Компаниялар үшін де акцияларды сату тиімді бола бастады. ҚР Алматы қаласындағы өңірлік қаржы орталығының қызметін реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қанапьяновтың айтуынша, жеке инвесторлардың жалпы саны соңғы тоқсанда 3 есе ұлғайды.