Алматыда «Ақкент» тұрғын үй кешенінен тағы да өрт шықты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда «Ақкент» тұрғын үй кешенінде бір пәтерлі үйден өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда «Ақкент» тұрғын үй кешенінің тұрғындары түнгі уақытта тағы өрт сөндірушілерді шақырды. Оған себеп 9 қабатты үйдегі бір бөлмелі пәтердің ішінен өрт шығуы болды.

Тұрғындар тағы да ұйымшылдық танытып, өрт сөндіру көліктеріне жол ашып, жолда тұрған көліктерді жолдан итеріп тастаған. Оқиғаның видеосы желіге тарады.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, өртсөндірушілер 8 тамыз, сағат түнгі 03:45-те Алатау ауданы, «Ақкент» шағын ауданы, 68 үйден шыққан өртті сөндірді.
«9 қабатты үйдің 2-ші қабатындағы 1 бөлмелі пәтер ішіндегі S=30 м2 аумақта үй тұрмысындағы заттар өртенді (матрас, зақымдалған ас үй жиынтығы)», - деп хабарлады ТЖД-да.
Еске салайық, біз бұған дейін Алматыда 16 қабатты үйде өрт болғанын хабарлағанбыз.
Қызыл жалын сағат 18:46 кезінде оқшауланып, сөндірілді.
31 адам, оның ішінде 16 бала ауруханаға жеткізілген болатын.
Амалы қалмаған тұрғындар балаларын терезеден лақтырды.
Зардап шеккендердің ішінде 2 жүкті әйел бар.
Кейін Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы бір адамның қаза тапқанын хабарлады.
Өрттен зардап шеккен тұрғындар тамақ және жатын орынмен қамтамасыз етілді.
«Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі өртке қатысты екі қылмыстық іс қозғалды.