Байқау осы жылдың ақпан айында басталған болатын. Тоғыз ай бойы өтетін сайыс үш кезеңге бөлінген. Байқауға қазақстандық БАҚ-да жарияланған және теледидар эфиріне шыққан материалдар қабылданды. Журналистердің еңбектерін сүт саласының сарапшылары мен "Егемен Қазақстан" газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов бастаған, танымал журналистерден тұратын қазылар алқасы үш аталым бойынша бағалады.
Бірінші "Қазақ тілінде жазылған үздік мақала" аталымының үздік еңбегі деп Солтүстік Қазақстан облысының журналисі Мұрат Нұрмұқановтың "Солтүстік Қазақстан" газетінде жарық көрген мақаласы танылды. "Инфо-Цес" газетінің тілшісі Андрей Смецкийдің мақаласы орыс тілінде жазылған үздік мақала атанды. Ал үшінші аталым "Үздік бейне сюжет" деп "Қазақстан" телеарнасының журналисі Әйгерім Ағылтаеваның сюжеті танылды. Сайыс кезеңінің жеңімпаздарына құнды жүлделер мен дипломдар табысталды.
"Әлеуметтік маңызды мәселелердің бетін ашқан сайысқа қатысушылар жоғары деңгейдегі шеберлікті көрсетті. Сайысқа қатысушы әр тілші сүт саласының барлық дерлік бағыттарына, мәселелері мен болашағына, сүтті қайта өңдеудің жаңа технологиялары мен осы бір баға жетпес өнімді тұтынудың пайдасына баса назар аударған", деді қазылар алқасының төрағасы, "Егемен Қазақстан" газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов.
Марапаттау салтанатында сөз сөйлеген Сүт одағы атқарушы директорының орынбасары Лидия Михеева: "Сайыс мақсаты - сүт саласының мәселелері мен сауалдарын жарыққа шығаратын БАҚ-ды қолпаштау және қолдау", деп атап көрсетті.
3-ші кезең мен бас жүлденің жеңімпазы 3 айдан соң белгілі болады. Бас жүлде - сандық фотоаппарат пен ноутбук.