Алматыда ақылы автотұрақтар бойынша заңсыз қызмет көрсеткендер жауапкершілікке тартылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ақылы автотұрақтар бойынша заңсыз қызмет көрсету әрекеттері жалғасуда. Бұл туралы бүгін Алматы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қалада көлік қоятын орындардың инфрақұрылымын дамыту бойынша жоспарланған шараларды жүзеге асыру, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін арттыру мақсатында қалалық Ішкі істер департаменті заңсыз автотұрақтарды анықтау бойынша мақсатты шараларды жүзеге асырып жатыр.

Бүгінгі таңда «Алматы техспецпаркинг сервис» ЖШС 69 тегін автотұрақты белгілеген болатын. Алайда, үстіміздегі жылдың 1-ші қарашасы мен 19-шы желтоқсаны аралығында «Тастақ», «Байсат», «Аягөз», «Болашақ», «Алатау», «Құлагер», «Барыс», «Сарыарқа» базарларының маңына, сондай-ақ Абылай хан даңғылы бойына жасалған рейдтік шаралар барысында 68 стихиялық автотұрақ анықталды.

Рейд барысында автокөліктерді заңсыз орналастырумен айналысқан 328 адам ішкі істер органдарына жеткізіліп, 293-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 240 адам - азаматтарға орынсыз жабысып мазаларын алған, 53 адам қаланы абаттандыру ережесін бұзған. Құқық бұзушыларға жалпы сомасы 1 млн. 962 мың теңге айыппұл салынды.

Одан басқа, аудандық әкімдіктердің қатысуымен автокөліктерге орын тауып берумен айналысатын және көліктерді түнде күзететін азаматтарға арналған 8 құрылым бұзылды.

Сондай-ақ Алмалы, Әуезов, Бостандық және Жетісу аудандарында заңсыз автотұрақтар жабылды.

Жол-патрульдік полиция қызметкерлері осы аталған мерзім ішінде автокөлікті тоқтату және автотұраққа қою бойынша 1 135 рет жол қозғалысы ережесінің бұзылғандығын анықтады.

Олардың ішінде көлікті жол жүретін жерде тоқтату және тұраққа қою ережесі 899 рет бұзылса, 236 рет автокөлік жаяу жүргінші жолына қойылған.