Алматыда ақылы тұрақтан қашқан жүргізушілерге айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық әкімдік ғимараты алдындағы ақылы тұраққа көліктерін қоймай, тыйым салынған орындарға қалдырып кеткен жүргізушілерге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Алматы қаласы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 3 наурыз күні полицейлер Алматы әкімдігі аумағында арнайы рейд шарасын жүргізген.

 

«Арнайы батальон инспекторлары жүргізілген рейдтің алғашқы сағатында-ақ 29 заң бұзуды анықтады. Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша, рұқсат етілмеген орындарға көліктерін қалдырғаны үшін ҚР ӘҚБ туралы кодексінің 597-бабына сәйкес, 59 әкімшілік хаттама толтырылды. Төрт көлік айып тұрағына жеткізілді. Алматының көлік көп жүретін аумақтарында ақылы тұрақ ашылған. Алайда, кейбір азаматтар заңнан аттап, машиналарын рұқсат етілмеген орындарға  қалдырып кетеді», - деді Алматы қаласы ІІД Әкімшілік басқарма басшысы Нұрлан Алмасбеков.

 

Сонымен қатар, ол әкімшілік полиция «Парковка» жедел-алдын алу шарасын жиі өткізіп тұратынын айтты.

 

Айта кетейік, Алматыда енгізілген ақылы тұрақтың құны сағатына 100 теңге.