Алматыда ақылы тұрақтың қай көшелерді қамтитыны белгілі болды

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Достық көшесінен Сейфуллин көшесіне дейін ақылы тұрақ пайда болады.

Қаладағы ақылы тұрақтардың бірыңғай ақылы жүйесінің 2018 жылғы дамуы туралы Интерфакс баспасөз мәслихатында  бүгін «Алматы СпецТехпаркингСервис» ЖШС директоры Марат Пірінбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Директордың айтуынша, қазір қалада 11 мыңға жуық тұрақ бар. Оның 6548-і жол шетіндегі тұрақтар болса, базарлар мен бизнес орталықтарында жабық тұрақта 4408 орын бар.

«Биыл біз Алматы қаласының аумағында ақылы тұрақ орындарының санын арттыруды көздеп отырмыз. Қазір мұндай тұрақтар Достық көшесінен бастап Наурызбай батыр көшесіне дейінгі және Райымбек көшесінен Шевченко көшесіне дейінгі аумақта орналасқан. Биыл қала әкімшілігімен бірлесіп Достық даңғылынан Сейфуллин көшесіне дейінгі алаңшаны кеңейте түсу көзделген. Атап айтқанда, Абайдан, Қалдаяқов көшесінен Әл-Фараби көшесіне дейін Самал шағынауданын қамтитын боламыз. Тұраққа ақы төлеу жүйесі жетілдірілуде. Мақсат оны ыңғайлы әрі қолжетімді ету. Мәселен алаңша үлгісіндегі ақылы тұрақтардың клиенттері үшін ұялы қосымша мен пластик карточка енгізу көзделген. Бұл карта арқылы алдын ала төлеу мүмкін болмақ. Қазір өндірушімен арада алаңша үлгісіндегі тұраққа мобильді қосымшаны енгізуге қатысты тест жүргізу жоспарда бар. Жол бойындағы тұрақтарға арналған ұялы қосымша жақсы нәтиже көрсетті. Көлік жүргізушілерге паркомат іздеудің қажеттілігі жоқ, көліктен шықпастан минут бойынша ұялы телефон арқылы төлеуге болады»,- деді Марат Пірінбеков.

Компания директоры мәлімдегендей, ақылы тұрақ желісі өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.

«Жыл соңына дейін ақылы тұрақ санын 15 мыңға дейін жеткізу жоспарда бар. Әсіресе, орталықты адамдардың жүруіне ыңғайлы етуіміз керек. Неліктен тек қана 15 мың деген сауал туындайды. Бұдан да көп болуы мүмкін еді. Себебі, биыл біз басымдықты сапаға беріп отырмыз. Біз жол белгілерін, көрсеткіштерді сапалы материалдардан жасауға, видеобақылау жүйесін жетілдіруге жұмсайтын боламыз», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар