Алматыда ақын О.Сүлейменов оқырмандарын өзінің жаңа шығармалар жинағымен таныстырды (ФОТО)

Алматы. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, атақты ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов өз оқырмандарымен кездесті.

Ақынның 80 жылдық мерейтойына арналған кездесуге белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, белгілі сәулетші Шот-Аман Уәлиханов, ғалым-әдебиетші Сафар Абдулло және басқа да белгілі тұлғалар келді.

«Бұл мен үшін үлкен қуанышты кеш. Мұндай кездесу адамға рухани күш-қуат сыйлайды. Бұл Олжас ағаның ғана емес, бүкіл елдің, әдеби қауымның мерекесі», - деді М. Әуезов.

Кездесу барысында Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов және Асанәлі Әшімов үшеуі ақынның шығармалары жинағы мен «Олжас Сүлейменов» деп аталатын ғылыми-көмекші библиографиялық көрсеткіштің тұсауын кесті.

Шығармалар жинағына ақынның қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген үздік шығармалары енді.

Ал іргелі библиографиялық жұмыс ҚР Ұлттық кітапханасының бірегей қоры негізінде әзірленген.

Ең алғашқы дереккөз 1959 жылы пайда болған. Бұл жылы Олжас Сүлейменовтың «Менің халқым», «Су» және «Дала» өлеңдері «Литературная газета» басылымында жарық көрген екен.

Қазіргі таңда дереккөздердің саны 4 мыңға жуықтайды.

Олардың қатарында ақынның шығармалары, өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, сондай-ақ, Андрей Вознесенский, Роберт Рождественский, Римма Казакова және басқа да ақындардың Олжас Сүлейменовке арнаған өлеңдері бар.

Бұл кітап үш бөлімнен, яғни қазақ, орыс және басқа да шет тілдерд жазылған көрсеткіштерден тұрады. Библиографиялық көрсеткіш ақынның өмірі мен шығармаларын зерттегісі келген филологтарға, ғылыми қызметкерлерге, зерттеушілерге, кітапханашыларға және көпшілік оқырмандарға арналған.

Одан басқа, кітапханада «Олжас әлемі» атты академиялық кітаби-көрнекі көрме жұртшылық назарына ұсынылды.