Екіжақты кездесуде делегаттар ҚазҰУ тарихы мұражайын тамашалады. Сондай-ақ,екі елдің студенттері, магистрлері және докторанттары мен мұғалімдері құрамын алмастыру жөнінде әңгіме өрбіді.
«Біз алдағы уақыттарда Қытай университеттерімен жақын қарым-қатынас орнатуды көздейміз. Елімізден жыл сайын көптеген студенттер Қытайға білім алуға барады. Бірақ Қытайдан бізге келушілер мүлде аз. Осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырсақ деймін. Сонымен қатар, Конфуций институтының дамуына үлкен үлес қосып жатқандарыңыз үшін алғыс білдіремін», деді ҚазҰУ-дың оқу жұмыстары жөніндегі проректоры Мұрат Орынханов.
Өз кезегінде ҚХР-ның ҚР-дағы Елшісі Чжоу Ли Конфуций институтын Астанада ашу іске асырылып жатқанын және бұдан бөлек Ақтөбе мен Қарағанды қалаларында да ашуды қалайтындықтарын жеткізді. «Бұл институт сіздердің университеттеріңізде жақсы даму қарқынында. Біз алдағы уақытта институтты одан әрі дамытуға барынша қолдау білдіреміз», деді Ч. Ли. Сонымен бірге, Елші қыркүйектің 4-і күні университетке Қытайдан үлкен делегация келетінін мәлім етті.