Алматы қалалық мобильділік басқармасы мәлім еткендей, әл-Фараби даңғылының оңтүстік бетінде жұмыстар толығымен аяқталып, солтүстік бетінде Достық даңғылынан Гагарин даңғылына дейін жөнделген болатын. Енді 9 тамыз сағат 23-00-ден 11 тамыз сағат 07-00 аралығында даңғылдың Гагарин даңғылынан Дулати даңғылына дейінгі бөлігінің солтүстік бетінде полимерлі асфальтбетон жабынын төсеуге байланысты көлік қозғалысы шектеледі. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және өткізу қабілетін арттыру мақсатында орташа жөндеу кезінде келесі шаралар қолданылады:
- 10 тамыз сағат 07-00 мен сағат 24-00 аралығында Гагарин даңғылынан Дулати даңғылына дейін оңтүстік бетінде реверсивті көлік қозғалысы ұйымдастырылады;
- түнгі уақытта жол көлік оқиғаларын алдын алу үшін 11 тамыз сағат 00-00 мен сағат 07-00 аралығында батыс бағытта көлік қозғалысы толығымен шектеледі;
- 9 тамыз сағат 23-00 мен 11 тамыз сағат 7-00 аралығында Розыбакиев көшесінен батыс бағытта бұрылыс, Әл-Фараби даңғылынан Науаи көшесіне солтүстік бағытта бұрылыста көлік қозғалысы шектеледі. Жөндеу жұмыстарын Торайғыров, Науаи және Мұстафин көшелері арқылы айналып өтуге болады.
«Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін патрульдік полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді. Реверсивті көлік қозғалысы кезінде жылдамдықты сағатына 40 шақырымға дейін шектеу туралы белгілер қойылып, жолақтар конусты фишкалармен белгіленеді. Реверсивті қозғалыс алдында екі жақтан көлік ағындарын бөліп тұратын металл турникеттер қойылады», - деп хабарлады қалалық мобильділік басқармасы.