Алматыда әл-Фараби даңғылының оңтүстігінде жөндеу жұмыстары аяқталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында жол жөндеу жұмыстары аяқталды, енді даңғылдың солтүстік жағы орташа жөндеуден өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімдіктің мәліметінше, Торайғыров көшесінен Достық даңғылына дейінгі даңғылдың оңтүстік жағына полимерлі асфальтбетон төсеу жұмыстары аяқталды.

Онда қозғалыс ашық. Назарбаев және Достық даңғылдарындағы бұрылыстар жөнделді.

Келесі кезең – даңғылдың солтүстік жағындағы орташа жөндеу.

«22 шілде сағат 23:00-ден 24 шілде сағат 07:00-ге дейін әл-Фараби даңғылының Жарбұлақ өзенінен Сейфуллин даңғылына дейінгі батыс бағытта қозғалыс толығымен жабылады. Жарбұлақ өзенінен Марков көшесі аралығында реверсивті қозғалыс ұйымдастырылады. Жол қозғалысы қауіпсіздігін патрульдік полиция қызметкерлері қамтамасыз етеді. Әл-Фараби даңғылының көлік магистралі бойынша жол жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіледі және оқу жылы басталғанға дейін аяқталады», - деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Әкімдік қала тұрғындарын көлікпен жүру маршрутын алдын ала жоспарлап алуды сұрады.