Алматыда алдағы 5 жылда автокөліктердің 10 пайызы газбен жүретін болады - Алтай Рахымбетов

АЛМАТЫ. 18 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 2012-2013 жылдары жанармаймен жүретін коммуналдық көліктер газға көшіріледі.

Бұл мәселе Алматыда өтіп жатқан "Көлік табиғи газбен - Қазақстан" деп аталатын 2 күндік форумда талқылануда.

"Бұған дейін біз мұндай форумды американдық, кореялық компаниялармен өткізген едік. Енді Азиялық серіктестермен бірлесіп ұйымдастырып отырмыз. Азиялық инвесторлар автокөліктерді табиғи газға көшірудегі өз технологияларын ұсынуда. Бұған дейін біз республика бойынша бірінші рет Алматыда ілкі жоба жүзеге асырылды. Қазіргі таңда бізде газбен жұмыс істейтін автобустары бар муниципалды автобус паркі бар. Алдағы жылдары қаладағы 4-5 мың коммуналдық көлікті газбен жұмыс істеуге көшіреміз", - дейді Алматы қаласының Табиғи ресустар мен табиғатты реттеу басқармасының бастығы Алтай Рахымбетов. Оның айтуынша, қалалық әкімдік қоғамдық жолаушылар тасымалдау байқауларында коммуналдық көліктерді газға көшіруге айрықша мән береді. Қазірдің өзінде қоршаған ортаны ластауда табиғи газды қолданатын көліктердің айыппұлдары дизель отынын қолданушылардан 2 есе, ал бензинді пайдаланушылардан 1,5 есе кем. Енді алдағы 5 жылда қаладағы көліктердің 10 пайызын газға көшіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Алматыда автокөліктерге газ құятын 1 стансы бар. Енді "ҚазТрансГазбен" тағы газ құю стансыларының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ 5 газ құю стансысына жер телімін беру қаралуда.