Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол берілмейді – әкімдік

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматының азық-түлік нарығы бақылауда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикер мегаполисте азық-түлік бағасы тұрақтанып, олардың өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.

«Сату бағасын тұрақтандыру дүкендер мен жергілікті базарлардың сөрелеріне таралады. Қала әкімдігі сауда желілерімен, тауар өндірушілердің ірі бірлестіктерімен ынтымақтастықта. Алматының базарлары мен сауда желілеріне тікелей жеткізу ұйымдастырылған», - деді спикер.

Ведомство өкілі әкімдік пен Алматы облысының кәсіпорындары арасында «JLC Сүт» өндірушісінің сүті мен сүзбесін «Магнум» сауда желісіне, «Naz-Dana» ШҚ пиязына және «ТЖН және К» агрофирмасына «Тоймарт» және «Магнум» желілеріне, сондай-ақ «Бірлік агрофирмасына» «Тоймарт» желісіне тікелей жеткізу туралы шарт жасалғанын айтты.

Бұдан бөлек апта сайын Алматы қаласының барлық аудандарында демалыс күні азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оған Алматы облысының жақын аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен мегаполистің азық-түлік кәсіпорындары қатысады.

«2021 жылдың басынан бері 380 жәрмеңке өткізіліп, 40 млн теңгеден астам сомаға 5 мың тоннаға жуық өнім сатылды. Сондай-ақ, біз жыл сайын Алматы, Жамбыл, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің кеңейтілген жәрмеңкелерін өткіземіз», - деді Дамир Тазабек.

Мысалы, қыркүйек айында Алматы облысы өнімдерінің жәрмеңкесі, сондай-ақ қала күніне орайластырылған «Apple Fest-2021» алма фестивалі өтті.

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары олардың ведомствосы негізгі базарларда, сауда желілерінде және «үй жанындағы дүкендерде» әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына 15% сауда үстемесін сақтау мәніне тұрақты негізде мониторинг жүргізетінін тілге тиек етті.

«Бұл жерде 2021 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне» өзгерістер енгізілгенін атап өткен жөн. Оған сәйкес жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шеңберінде ӘМАТ-қа сауда үстемесі мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Ішкі сауда субъектісінің сауда үстемесінің мөлшерін арттыру фактілері анықталған жағдайда ескерту жасалады. Бір жыл ішінде қайталап әрекет жасаған жағдайда шағын бизнес субъектілері үшін 10 АЕК, орта бизнес үшін 75 АЕК және ірі бизнес үшін 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады»,- деді ол.