Алматыда әлеуметтік маңызы бар тауардың бағасы бақылауда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ерекше бақылауында. Бұл туралы аталған басқарма басшасы Еркебұлан Оразалин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бар күшімізді қаланың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын ұстап тұруға жұмсап жатырмыз. Қазіргі уақытта Алматыда өндірушілерде дайын өнім мен шикізаттың жеткілікті көлемі бар. Бұл қорды күн сайын ел өңірлерінен фермерлер мен тауар өндірушілер әкеліп толықтырып жатыр. Сондықтан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығы болжанбайды», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар Түркістан облысының өндірушілерімен ерте пісетін қырыққабатты қалаға жеткізу бойынша келісім шарттарға қол қойылған.

«Мамырдан бастап тамыз айының соңына дейін 7 мың тоннадан астам картоп, пияз және сәбіз жеткізіледі. Шілде айынан бастап Алматы облысынан 3,5 мың тонна көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ 5 мың тонна картоп және 2 мың тонна сәбіз қорын жасау үшін Павлодар облысының тауар өндірушілеріне 300 млн теңге бөлінеді», - деді спикер.

Бұған дейін Алматыда нан бағасын тұрақтандыруға 150 млн теңге бөлінетіні туралы жазған болатынбыз.