Алматыда алғаш рет "Саяхат -Қыс-2010" жәрмеңкесі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 13 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда туризм саласында алғаш "Саяхат -Қыс-2010" жәрмеңкесі өтіп жатыр.

14 қарашаға дейін жалғасатын бұл шараға еліміздің 40-тан аса туристік компаниялары қатысып, қысқы маусымдағы саяхат жолдамаларын ұсынуда.

Шараны ұйымдастырушылардың бірі "ARNAI" туристік компаниясының бас менеджері Рыскүл Бөкішеваның айтуынша, жәрмеңкенің негізгі мақсаты - ең мықты туроператорлардың қыстық туристік жолдамаларын халыққа жариялап, тікелей байланысу және халыққа қандай қызмет көрсете алатындықтарын білдіру. "Осы қысқы жолдамалар аясында шетелдіктерді алда келе жатқан VII Қысқы Азия ойындарына шақырудамыз. Туристерді қамту үшін 9 фирма агенттік қызметті атқаруда", - дейді Р. Бөкішева.

Сондай-ақ ол турфирмалар бұрын Түркия, Эмиратқа жолдама беріп жүрсе, қазір оның аясы кеңейіп, басқа да қалаларға саяхат жолдамасын әзірлегендігін айтып өтті.

Еліміздің көптеген санаториялары мен демалыс, сауықтыру орындары да осы жәрмеңкені қолдап, қатысуға ниет білдіріпті.