Алматыда алғаш рет стенд атудан әлем чемпионаты өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 16-25 мамыр күндері Алматыда ауқымды спорттық шара өтеді. Еліміз алғаш рет ISSF World Cup Shotgun Almaty 2014 стенд атудан әлем кубогына қатысушыларды қабылдамақ, деп хабарлады А. Асанов атындағы стенд ату клубының баспасөз қызметінен.

Бұл халықаралық турнир Александр Асанов атындағы стенд ату клубында өтіп, оған әлемнің 47 елінің үздік мергендері жиналатын болады.

ISSF World Cup Shotgun Almaty 2014 стенд атудан әлем кубогына қатысушылардың саны 500 адамнан асып жығылады деп күтілуде. Олардың қатарында ғаламшардың үздік сұрмергендері де болады. Жарыс скит, трап, дубль-трап сынды үш санатта өтеді. Наградалардың мынадай бес жиынтығы сарапқа салынады: скит (ерлер мен әйелдер), дубль-трап (ерлер), трап (ерлер мен әйелдер).

Әлем кубогына келетін мәртебелі меймандар қатарында Халықаралық спорттық ату федерациясының бас хатшысы Франц Шрайбер, Кувейттің Спорттық ату федерациясының президенті Дуайдж әл-Отайби болатындығы әрі олардың жарыстың ашылу рәсімі мен жеңімпаздарды құттықтау шарасына қатысатындығы күтілуде.