Алматыда алғашқы бұқаралық велошеру өтті

АЛМАТЫ. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Алматыда халықаралық велошеру өткізудің негізгі идеясы - салауатты қала дәстүрлерін қалыптастыру болды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен халықаралық бұқаралық велошеруде Velotour.kz бастамашыл тобының өкілі Владимир Ивлев айтты.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов оңтүстік астананың елдің спорт орталығына айналғанын атап өтті.

«Бұл күндері қаламызда волейболдан әлемдік Гран-придің кезекті туры өтіп жатыр, алда бокстан әлем чемпионаты өтпек. Бұдан басқа, 6 қазанда Алматыда кәсіби велотур өтеді, оған әлемнің барлық түпкірінен спортшылар қатысады. Қалада Халықаралық велоспорт федерациясының өкілдері жұмыс жасауда, олар жолдардың сапасын қадағалауда. Олар велотур өтетін Шығыс айналма автожолының және әл-Фараби даңғылының жол жабынына жоғары баға берді», - деді қала басшысы.

«Біз велошеру ауқымды және елеулі оқиға, әлемнің туристік картасында Алматының өзіндік бренді болғанын қалаймыз, ол алматылықтарды ғана емес, қаламыздың қонақтары мен шетелдіктердің де қызығушылығын тудырып, өзіне тартады деп ойлаймыз», - деді В.Ивлев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, велошеруге Қырғызстаннан, Өзбекстаннан және Ресейден спортшылар шақырылған. Велошерудің арнайы жасалған жолбағыты әл-Фараби/Тәттімбет көшелерінен басталып, ҚР тұңғыш Президенті саябағы алдындағы колонналар жанында аяқталды. Әкім еңбек сіңірген спортшыларға, сондай-ақ жақында Қазан қаласында өткен жазғы Универсиада жүлдегерлеріне ескерткіш сыйлықтар тапсырды.

Бұл шараны Алматы қаласының әкімдігі мен Velotour.kz қоғамдық бастамашыл тобы ұйымдастырды.