Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан І «Қазақстандағы мемлекеттік-жеке серіктестік» деп аталатын конференцияда айтылды.
"Алматы кез-келген халықаралық өлшем бойынша өте тартымды қала. Оның даму келешегі ұлттық қана емес, халықаралық аяда да өте зор. Оған негізгі капиталдағы инвестициялық белсенділігінің өсімі айқын дәлел бола алады. Бұл алғашқы тоқсанның қорытындысында 67 миллиард теңгені немесе 121,3 пайызды құрады. Қаржы көзінің тең жартысы кәсіпорындардың өз қаражаты. Сондай-ақ инвестиция құрылымда айтарлықтай өзгеріс бар. Мәселен Заемдық құралдардың үлесі 2010 жылғы 10 пайыздан биыл 22 пайызға ұлғайып отыр", - дейді "Алматы қаласынының даму орталығы" АҚ-ның атқарушы директоры Асқар Несіпбаев.
Оның айтуынша, бюджеттік қаржы 26,7 пайыз болса, шетелдік инвестицияның үлесі 4,5 пайызды құрауда. Қаланы дамыту мақсатында инфрақұрылымдар мен жаңа өндірістерге инвестиция тартуда әкімшілік Қазақстан Республикасының заңнамасында рұқсат етілген қаржы құралдарының бәрін пайдалануда. Бұл - жергілікті атқарушы органның облигациясын шығару, тікелей инвестиция тарту, халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтасу, мемлекеттік кепілдік және тағы басқалар. Сондай-ақ инвестиция тартудағы шаралардың бірі мемлекеттік-жеке әріптестік тетіктері болып отыр. Бюджет қаржысының шектеулігі жағдайында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда қажетті құралды мемлекеттік-жеке серіктестік аясында тарту іскерлік белсенділікті жандандыруға оң ықпалын тигізеді.