Алматыда алғашқы жартыжылдықтағы инвестицияның көлемі 174,5 млрд. теңгені құрады

АЛМАТЫ. 16 шілде. ҚазАқпарат - Алматыда алғашқы жартыжылдықта екінші деңгейлі банктер 1 729,0 млрд. теңгенің несиесін берген,

бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3 пайызға жоғары.

Бұл туралы кеше қала әкімі Ахметжан Есімовтің төрағалық етуімен болған Алматының 2013 жылдың бірінші жартыжылдығының әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына арналған алқалы жиында айтылды. Жыл басынан бері қарай шаһарда 302,7 млрд. теңгенің өнеркәсіптік өнімдері шығарылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,1 пайызға артық. Ал бөлшек сауда айналымы - 20,9 пайызға, көтерме сауда айналымы 7,3 пайызға артқан. Сыртқы сауда айналымы болса қаңтар-мамыр айларында 6,9 млрд. долларды құраған, бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8 пайызға жоғары. Қалада жүк айналымы - 6,6 пайыз; жолаушы тасымалдау айналымы 11,6 пайыз болған. Байланыстан түскен кіріс 177,4 млрд. теңгені құрап, 21,5 пайызға өсіп отыр. Сондай-ақ, алты айдың ішінде 479,8 мың шаршы метр тұрғын үй салынған. Тұрғын үй құрылысындағы өсім өткен жылмен салыстырғанда 1,8 пайызды құрап отыр.