Алматыда Алғыс айту күнінде туылған нәрестелерге сыйлық берілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Алғыс айту күнінде туылған нәрестелерге сыйлық берілді. Аталған мерекелік іс-шараны «Қоғамдық келісім» мекемесі, ҚХА Алматы қалалық бөлімі ұйымдастырды.

Бүгін №1 қалалық перзентханада 6 нәресте дүниеге келді. Жас босанған аналарға ҚХА Алматы қалалық бөлімінің хатшылық меңгерушісі Маргарита Абдалиева ҚХА тарихы жазылған естелік кітаптарды сыйға тартты.

«Бүгін Елбасы Жарлығымен Алғыс айту күні деп жарияланды. Бұл мерекенің идеялық мағынасы ҚХА қызметімен, идеясымен мазмұндас келеді. Бұл күні біз қаншама адамға пана болған қазақ еліне, жеріне алғысымызды білдіреміз. Халықтар бірлігінің арқасында елімізде аналарымыз дүниеге сәби әкеліп жатыр. Осы уақыт аралығында 6 нәресте дүниеге келді. Олардың барлығына перзентхана атынан жаңа киім, арнайы сөмке, жеке гигиена заттары берілді», - деді бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары Зәуре Датхаева.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 14 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстанда Алғыс айту күні бекітілді.

1995 жылдың 1 наурызында елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды және 2015 жылы Ассамблеяның жиырма жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы бұл күнді халықтардың бір-біріне және қазақтарға көптеген халықтар елге күштеп қоныстандырылған кезде төзімділік пен қонақжайлылық танытқаны үшін алғыс білдіре алатын күн деп жариялауды ұсынды.

Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай ғұмыр кешуде. Қазақстан - азаматтық келісімді, түрлі мәдениеттер пен діндерді тоғыстырған көпұлтты, зайырлы мемлекет.