Алматыда Әлима Омарбекованың «Домалақ-Ана» деп аталатын жеке көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. Желтоқсанның 15-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында гобелен шебері Әлима Омарбекованың «Домалақ-Ана» деп аталатын жеке көрмесі ашылды,

         деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Бұл өнер түрін бала кезінен бойына сіңірген автордың композициялық туындыларының негізгі тақырыптары - қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық қасиетке, ондағы өшпес тарихқа арналған.  Тарихтан меңзеген «Домалақ -Ана», «Көк әміршісі», «Дала әуені», «Сырласу», «Өмір иірімі» атты жұмыстарында еліміздің қасиетті жерлері, мәдениетімізбен қатар, ата-бабаларымыздың о бастан аңсап кеткен еркіндікке, тәуелсіздікке қол жеткізген тарихымыздан да сыр шерткен. Сонымен қатар, көрмеге өзінің дүниетанымын танытқан «Тастағы таңба», «Аңшы», «Дала әуені», «Сырласу» атты гобелендері қойылған.

         «Шебердің күрделі де құпиялы сырға толы көркем туындыларында ішкі жан дүниесі, ой-толғанысы бірден айқындалады. Басқа сала маманы болғанымен Әлима  14 жасынан тоқу, тігу, ою әдістерінің қыр-сырын жақсы білетін шебер иесі. Оның туындылары ұлттық мағына мен мазмұнда көркемделген, дүниетанымдылығы жан-жақты көрініс тапқан. Бүгінде ол кәсіби көркем тоқу өнерінің үлкен шеберіне айналғанын көрермен қауыма дәлелдеп келеді», дейді ҚР Суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы Гүлнар Жұбаниязова. Оның айтуынша, өткеннің сарынын, бүгінгінің ақиқатын, ертеңгінің рухын әуендеткен гобеленшінің туындыларындағы уақыт пен кеңістік қазақ халқының болмысынан, наным-сенімінен, табиғаттың тылсым-тіршілігінен хабар береді.

         Көрме желтоқсан айының 30-на дейін жалғасады.