Алматыда Әлия мен Мәншүк алаңы абаттандырылады

Фото: Фото: visitalmaty.kz
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова алаңы жөнделіп, абаттандырылады. Бұл туралы Ерболат Досаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20-шы маусымға дейін Күләш Байсейітова атындағы жаяу жүргіншілер көшесін абаттандыру аяқталады. Содан кейін Әлия және Мәншүк скверін абаттандыру мен реконструкциялау жұмыстарын басталады. Жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарда», - деді қала басшысы.

Оның айтуынша, биыл ауданда 69 аула мен аз қабатты тұрғын үйдің 47 қасбетін жөндеу жоспарда.

«Бүгінгі таңда 4 үйдің фасады жөнделді, ал қалғандары шілде айының соңына дейін аяқталады. Осы жылдың сәуір айынан бастап аудан әкімдігі жасыл аймақтың бәрін автоматты суару жүйесімен жабдықтап, Дүйсенов атындағы жаяу жүргіншілер көшесі мен 7 скверді модернизациялау және көгалдандыру жұмыстарын бастады»,- деді ол.