Алматыда «Алматы-Антитеррор-2015» оқу-жаттығуы өтті (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы қаласында терроризммен күрес жедел штаб тобы «Алматы-Антитеррор-2015» жоспарлы тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді.

Бұл туралы Алматы қ. ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.

Осыған байланысты «ГазПромНефть» мұнай қоймасы мен Боралдай кентінде орналасқан Әуежай оқу-жаттығу шарасының басты нысандарына айналды.

Төнген қауіп-қатер туралы хабар келіп түсісімен-ақ, жұмылдырылған ведомстволардың жеке құрамы тез арада қауіп төнген нысанды қоршауға алып, тұрғындарды қауіпті аймақтан қауіпсіз жерге көшірді. Одан кейін келіссөз жүргізетін топ өз жұмыстарына кірісті.

Алматы қаласының ТЖ Департаменті өртке қарсы қызметінің қызметкерлері мұнай базасында орын алған шартты өртті «Пурга-5» өрт сөндіргіш құралымен сөндірді.

Бүгінгі оқу-жаттығудың негізгі мақсаты - бүлік шығарғыш лаңкестік ұйымдардың қылмыстық әрекеттерінің алдын алу және оларды болдырмау барысында тиісті қызметтердің өзара бірлесіп жұмыс атқару механизмдерін жетілдіру, сондай-ақ террорлық жағдайларға осалдық танытатын нысандарда лаңкестік қауіп-қатер туындаған жағдайда бірлесіп жұмыс атқаратын қызметтердің дайындығын пысықтау.

«Алматы-Антитеррор-2015» оқу-жаттығу шаралары аясында жеке құрамның 800 адамы, 50-ден аса автокөлік және арнайы техника мен 2 тікұшақ жұмылдырылды.

Осы жаттығуларға Алматы қаласының ТЖ Департаменті жеке құрамының 40 адамы мен 12 техникасы қатысты.

Айта кетелік, Ағымдағы жылы Алматы қалалық жедел штабы қызметінің лаңкестік әрекеттерге қарсы 9 оқу-жаттығу шарасы өткізілді. Олардың ішінде командалық-штабтық жаттығу -1, жедел-тактикалық жаттығу - 2, жеке машықтану - 4, жедел сараптама - 2 және сараптамалық жаттығу -1 рет болды.

Сонымен қатар, осы жылы қалалық өзара бірлесіп хабар тарату кезекші қызметтерінің жұмыстарын тексеруде 13 жедел сараптама жұмыстары ұйымдастырылды.