Алматыда «Алтын Қалам» әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды

АЛМАТЫ. 9 Қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Алматыда "Алтын қалам" байқауы мәресіне жетті. Кеше әдеби байқаудың жеңімпаздары салтанатты марапаттау рәсімінде жарияланды.

Естеріңізге сала кетсек, байқау 1 маусымда жарияланып, 1 қыркүйекке дейін өткен болатын. Барлық шығармалар arzy.kz. сайтында қабылданды. Байқауға еліміздің әр өңірінде тұратын жас жазушылар мен ақындар қатысты. Олар үш іріктеу кезеңінен өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша байқауға кәсіпқой жазушылар қатыспаған. Үш айдың ішінде арнайы ашылған сайтқа 72 автордан 92 шығарма келіп түскен. Алғашқы шығармаларды оқырмандар талқылап, көп оқылған әдеби шығармалар байқаудың келесі кезеңіне өткізілді, онан соң лидерлік топ қарап шығып, әр көркем туындыға өз пікірлерін жазды. Осылайша ақтық мәреге жеткен үміткер-туындылар қазылар алқасына ұсынылған. Байқауға ұсынылған шығармалар бес аталым бойынша қабылданды.

Сонымен, еліміздің рухани-мәдени дамуына Қазақстан азаматы ретінде өз үлестерін қосу және жас таланттар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету мақсатында өткізілген байқаудың «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша, "Көш" шығармасының авторы Думан Рамазан жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік поэзиясы» аталымы бойынша Ақберен Елгезектің "Сені сүю" туындысы үздік деп танылса, «Жылдың үздік драматургиясы" аталымы бойынша Байғали Есеналиевтың "Қанды азу" шығармасы ең үздік драматургиялық шығарма деп танылды. Ал, «Жылдың үздік балалар шығармасы» аталымы бойынша "Әдеп" әңгімесінің авторы Қалқаман Саринге бірінші орын берілді. «Жылдың үздік іскерлік және ғылыми еңбегіне» қатысты еңбектер аз түскендіктен оған бұл жолы ешқандай сыйлық тағайындалмады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтармен арнайы дипломдар табыс етілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша енді ақтық мәреге шыққан авторлардың туындылары «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің алғашқы жинағына енгізіледі. Жаңа жинақ Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне орай желтоқсан айының ортасына таман жарық көрмек.

"Әдебиет қоғамда рухани ортаны қалыптастыратын мәдениеттің ажырамас бір бөлігі. Қазір елімізде қазақ тілінде сатылатын кітаптардың саны 5 пайызды құрайды. Бүгінгі таңда авторлар да, қызықты шығармалар да жеткіліксіз. Туынды авторлары өз кітаптарын өздері шығаруда, ал жас жазушы үшін бұл үлкен мәселе. Оқырмандар таңдаған талантты авторларға кітап басушылар назар аударады деп үміттенемін",-деді әділ-қазылар алқасының мүшесі, ұйымдастырушылардың бірі Қуат Домбай.

Ақын, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушановтың айтуынша бұл байқау- ел мәдениет өміріндегі жақсы жаңалық. "Ол ең алдымен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің болашағы зор екендігін көрсетті. Сол үшін, жас ақындар мен жазушыларды қолдағандары үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Байқаудан өзіндік көзқарасы мен ерекше стилі бар біршама авторларды байқадым. Бұл байқау тасада қалып қойған ақын, жазушыларға алдағы шығармашылық өмірлеріне жол ашады деп сенемін", -деді ол.

«Жылдың үздік балалар шығармасы» аталымының жеңімпазы Қалқаман Сарин: "Байқау жас ақындар мен жазушыларға өзін танытуға берілген үлкен мүмкіндік. Ең бастысы мені әдебиетке көңіл аударып жатқандары қуантты", деді.

Байқау GSM Қазақстан/Kcell ұялы байланыс операторының демеушілігімен өтті.