Алматыда Алтын Махамбетованың «Әнші болғым келеді және мен» деп аталатын авторлық кеші өтеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 18-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Республика сарайында Алтын Махамбетованың «Әнші болғым келеді және мен» деп аталатын авторлық кеші өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Оны Қазақтың Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері Нұрлан Әлімжан мен Айгүл Иманбаева жүргізбек. Онда кішкентай әншілер Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Саят Медеуов, Сырым Әбдіхалықов, Құралай-Мирас және тағы басқа отандық эстрада жұлдыздарымен бірігіп ән шырқайды. Авторлық бұл кеште менің қырыққа жуық әндерімнің 35-і орындалады деп жоспарланып отыр», - дейді Алтын Махамбетова. Музыкант, ұстаз, сазгер және продюсер сияқты сан қырлы мамандықтың иесі саналатын А. Махамбетованың биыл «Әнші болғым келеді» деп аталатын телевизиялық бағдарламасының ашылғанына 7 жыл толып отыр. Балалар әндерін насихаттап, балалар шығармашылығының дамуына үлес қосу мақсатында ашылған бұл бағдарламаға әр жылдары 4 мыңға жуық балғын өнерпаздар қатысып, өз өнерлерін паш еткен болатын.