Бұл туралы Ұлттық баспасөз мәжілісінде «Алтын жүрек» жобасының ұйымдастырушылары мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жобаны ҚР Президенті Әкімшілігінің қолдауымен «Бауыржан» қайырымдылық қоры ұйымдастырып келеді. Шараның мақсаты - ізгі жүректі жандарды іздеп табу, қайырымдылық саласына ең көп үлес қосқан адамдарды анықтау, еліміздегі қайырымдылық шаралардың дамуын ынталандыру, меценат пен қайырымды адамның үлгісін қалыптастыру, меценат имиджіне әлеуметтік-мәнді мәртебе беру болып табылады.
Сыйлықтың рәмізі - жақынына деген махаббат пен мейірімділікті бейнелейтін бір тамшы қаны бар жүрек. Бұл сыйлықты қайырымдылық саласында аянбай еңбек етіп, денсаулығын, қаржысын, күш-жігерін жұмсаған жандар алатын болады.
Сыйлық он аталым бойынша - «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Білімді дамытуға қосқан үлесі үшін», «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін», «Ардагерлерге көрсеткен құрметі үшін», «Спортты дамытып, оны қолдағаны үшін», «Жыл меценаты», «Ақпараттық қолдаушы», «Жылдың қайырымды адамы», «Жыл ұйымы» және «Өнер мен қайырымдылық» беріледі.
«Елімізде қайырымды адамдар аз емес. Сондықтан да, мұндай жобалар жылдан жылға қайырымды жандардың қатарының толығуына, меценаттық дәстүрдің дамуына ықпал етеді деп ойлаймын», дейді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Жұлдыз Омарбекова.
Оның айтуынша, биыл байқауға 70-тен аса өтініштер келіп түскен. «Жобаға өтініштер тамыз айының 1-нен қыркүйек айының 30-на дейін қабылданды. Қазіргі уақытта сарапшылық кеңес он аталым бойынша үміткерлерді іріктеп алды. Енді қоғамдық кеңес аталым бойынша іріктеліп алынған 3 үміткердің арасынан бір жеңімпазды анықтайтын болады», деді Ж. Омарбекова.
Биыл салтанатты марапаттау рәсімі өткен жылға қарағанда ерекше өтеді деп жоспарлануда.