Алматыда «Алтын жүрек» сыйлығының жеңімпаздарды анықталуда
Үш күнге созылатын отырыс барысында сыйлыққа үміткерлер мен жеңімпаздардың есімдері анықталатын болады. Сарапшылық кеңес өтініш берген барлық қатысушылар ішінен әр аталым бойынша үш үміткерді таңдап алса, Қоғамдық кеңес үміткерлердің арасынан әр жүлде бойынша жеңімпазды анықтайды. Қазылар құрамында БАҚ мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік билік органдары мен жергілікті басқару органдарының және коммерциялық ұйымдардың өкілдері бар. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі қазан айының 27-і күні Астана қаласында өтеді. Аталмыш жоба еліміздегі қайырымдылықты дамытуға арналған.
«Өткен жылы бұл шараға 90-дай өтініш түссе, биыл 150-ден аса өтініш түсті. Жылдан жылға «алтын жүректі» жандардың артып келе жатқандығы біз үшін қуанттарлық жағдай. Биыл өз ынта-ықыласымен өтініш жібергендердің саны көп. Барлық үміткерлер лайықты адамдар деп білемін. Олай деуіме себеп, мен әр өтінішті қарап шықтым. Мысалы, «Жетім балаларға қамқорлық» аталымы бойынша 10 үміткер бар. Олардың әр бірінің істері марапатқа лайықты», деді ұйымдастыру комитетінің төрайымы Жұлдыз Омарбекова.
Сарапшылық кеңестің мүшесі, Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры Салтанат Байқошқарованың айтуынша, елімізде көмекке зәру, жәрдемді қажет ететін адамдар көп. «Мемлекет бәріне бірдей көмектесе де, қамти да алмайды. Өмірде жетістікке жеткен адамдар мұқтаж адамдарға қол үшін беріп, қандай да бір мәселені шешуше атсалысқаны бізді қуантады. Олардың игілікті істерін ел, халық білуге тиіс. Бәрімізге үлгі болатын адамдарға алғысты білдіретін, паш ететін мұндай жобаның болғаны дұрыс деп санаймын. Бұл - нағыз саяси-тәрбиелік маңызы бар, елімізге керекті жоба», деді С.Байқошқарова.