Қалалық Жолаушылар тасымалы көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исаховтың айтуынша, биыл тағы екі көшеде автобус жолағы салынады.
«Тамыз айының соңына дейін Өтеген батыр мен Қабдолов көшелерінде автобус жолақтары салынады. Осылайша бұл көшелер автобус жолақтары бар Төле би, Абай, Райымбек көшелерін өзара байланыстыратын болады», - деді басқарма басшысы.
Бұрын Алматыдағы автобус жолағының жалпы ұзындығы 85 шақырым болса, биыл 93 шақырымға жетіп, 7,1 шақырымға ұзармақ.
Сондай-ақ, қала билігі Алматыдағы кептелісті азайту мақсатында екі көшедегі қозғалысты бір бағыттық етпек.
Қыркүйектен бастап Шевченко мен Құрманғазы көшелерінде жол бағыты біржақты болады.
Шевченко көшесінің бойында Достық даңғылынан Жароков көшесіне дейінгі аумақта трамвай рельстері алынып тасталған соң, жолдар орташа ағымдағы жөндеуден өтеді және батыс бағытқа қарай көліктер қозғалысы біржақты болады. Құрманғазы көшесі бойында Мұқанов көшесінен Достық даңғылына дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары аяқталған соң, шығыс бағытта біржақты көлік қозғалысы жасалады.