Алматыда «Америка арманы» білім беру және туристік көрмесі өтуде

None
АЛМАТЫ. 19 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін оңтүстік астанада Алматыдағы АҚШ Бас консулдығының ұйымдастыруымен алғаш рет «Америка арманы» білім беру және туристік көрмесі өтуде.

Іс-шара шеңберінде Америкаға сапар шегу және ондағы білім беру туралы білуге, сондай-ақ Америка стиліндегі концертті тамашалауға, АҚШ-тың 30-дан астам университеттерінің тұсаукесерін тыңдауға және негізгі туристік агенттіктер мен әуе компанияларынан ақпарат алуға болады.

«Әзірге Қазақстан азаматтары үшін біздің елімізде білім алуға немесе АҚШ-қа келуге мұнан артық мүмкіндік болған жоқ және біз сіздерді қуана күтеміз. Дүние жүзінің 4000-нан астам алдыңғы қатарлы ЖОО АҚШ-та орналасқан және олар мамандықтар мен қолжетімді білім беру бағдарламаларының кең спектрін ұсынады. Біз Қазақстаннан келетін туристер мен студенттер санының көбеюі екіжақты қарым-қатынасты және біздің елдеріміздің арасындағы өзара түсіністікті дамытуға ықпал ететініне сенеміз», - деп мәлімдеді АҚШ-тың бас консулы Тереза Гренчик.