Жаңа мектептің мақсаты – елдегі креатив индустрияның дамуына белсенді үлес қосатын, бұқаралық ақпарат құралдары мен кино нарығының заманауи талаптарына сай келетін мамандарды даярлау.
Алғашқы студенттерді оқуға қабылдау 2021-2022 оқу жылында басталды. Оқу бағдарламасына енгізілген пәндер әлемдегі жетекші оқу бағдарламаларына негізделгені, ал оқытушылары – кәсіби біліктілігі ғылыми-тәжірибелік жұмыстармен расталған мамандар.
«Бүгін біз ұзақ жолдың басында тұрмыз. Және бұл жол әр оқушы үшін қызықты әрі тиімді болғанын қалаймын. Нәтижесінде елімізді, айналамызды тек жақсылыққа өзгертетін үлкен жетістіктерге жетуіміз керек. Барлығына сәттілік пен табыс тілеймін», - деді кино мектебінің ресми ашылуында «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ахан Сатаев.
Кино мектебінде жас таланттар негізгі 3 бағдарлама бойынша білім алады: «Креатив өнер оқу», «Жаңа медиа» және «Диджитал мәдениет оқу». Студенттер кинорежиссер, режиссер, анимациялық режиссер, мультимедиялық бағдарламалардың директоры, телережиссер, сценарист, арт-менеджер, кинотанушы, продюсер, радио және тележүргізуші сияқты мамандықтарды алады.
Бірінші курс студенті Сағындық Еркінбек кино мектебінде орман туралы алғашқы қысқаметражды фильмін түсіріп үлгерді.
«Кішкентай кезімнен видео түсіргенді ұнататынмын және фильмдердегі драматургияға қызықтым. Мен адамдарды таң қалдыру үшін бір нәрсе жасағым келді. Осы мектепте оқыр жүріп кем дегенде екі фильм түсіріп, түрлі кинофестивальдерге қатысқым келеді», - дейді бірінші курс студенті.
Қазақстан киносыншылары қауымдастығының президенті Гүлнәр Әбікееваның айтуынша, медия және кино мектебінің білім беру және тәжірибелік бағдарламасы Аризона университетінің американдық білім беру негізінде құрылған.
«Біздің білім беру және тәжірибелік бағдарламамыз Аризона университетінің америкалық білім беру негізінде құрылған. Олардың Лос-Анджелесте кино мектебі бар, онда біздің студенттер онлайн дәріс оқи алады. Сонымен қатар, студенттеріміздің бір семестр Америкада оқуға мүмкіндігі бар. Кино мектебінің ерекшеліктеріне тоқталсақ, қазақ фильмдерін шығарумен тығыз байланыста, продюсерлікке үлкен мән беріледі»,- дейді кинотанушы Гүлнар Әбікеева.