Алматыда «Ана тілі аруы» байқауы өтті

АЛМАТЫ. Қазанның 25-і. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Кеше әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ана тілі аруы» байқауы өтті.

Дәстүрлі түрде жылда өтетін бұл сайыс бүкіл факультетаралық жарысқа айналып отыр. Аталмыш шараға 700 ару қатысып, ақырғы айналымға тек 14-і ғана жолдама алған.

Сайысқа қатысушылар таныстыру, поэзия саласынан өлең немесе монолог оқу, «Ер-нұр» сән үйінің киім үлгілерін көрсету, қойылған сұрақтарға жауап беру және өз өнерлерін паш ету сияқты шарттар бойынша сынға түсті.

Кештің басынан-аяғына дейін ерекше көзге түсіп, өнерімен көрерменді тәнті еткен филология факультетінің бірінші курс студенті Әйгерім Әшірәлі әділ қазылардың ұйғарымы бойынша бас жүлдеге ие болды. Ал қалған арулар түрлі аталымдар бойынша марапатталды.