Авторы ақын, жазушы, Шыңжаң Жазушылар одағының мүшесі Нұрила Қызыханқызы. Бұл қаламгердің Қазақстанда басып шығарылған екінші кітабы болып отыр. Алғашқысы 2005 жылы "Ертістің арғы жағынан" деген атпен шыққан еді.
"Бұл кітапта қазақ аңшылығының қыр-сыры айтылады. Оған болған нақты оқиғалар бойынша жазылған 63 этнографиялық әңгіме, эсселер еніп отыр. Мен өзім ақынмын, Қытайда "Солтүстік үйек жарқылы", "Ауыл әуендері" сияқты бірнеше өлең кітабым шыққан. Әкем Қызыхан Ақыманұлы қасқыр, түлкіні айтпағанда бір өзі 23 аю ұстаған Қытайдағы әйгілі аңшы. Алматыда болған кезімде Ақеділ Тойшан деген азамат «әкеңіз үлкен аңшы екен, аңшылықтан не білесіз. Сіз осыны жазсаңыз. Бұл қазақтың өнері, шаруашылығы, тарихы басқа адам оны сіз сияқты жеткізіп айта алмайды. Өзіңіз жазғаныңыз орынды», дегенді айтты. Соның нәтижесінде өзімнің білгендерімнен Алматыда 1-2 айдың ішінде бастапқы 20 шақты әңгімені жазып шықтым. Ол қиын болған жоқ. Кейін Қытайға қайқан кезде әкеммен және өзге де аңшылармен әңгімелесіп оның санын 70-ке дейін жеткіздім", дейді Нұрила Қызыханқызы. Оның айтуынша, "Қазақтың аңшылық құрал-саймандары мен әдіс амалдары" деген мақаласы "Мұра" журналының ұсынуымен Қытай Халық Республикасының "Тұлпар" сыйлығын алған. Шыңжаң Жазушылар одағының ұсынысымен төте жазумен 2009 жылы Шыңжаң халық баспасында "Аңшылық хикаялары" жеке кітап боп шығады. Оған дейін кітаптың бір бөлімі Қайша Тәбәріктің аудармасымен қытай тілінде Шанхайда шығатын "Тяна" деген журналға басылады. Оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырған "Аңшылық хикаялары" енді желтоқсанның алғашқы жартысында Шыңжаң жастар баспасынан ханзу тілінде шықпақ.