Алматыда араб сәйгүліктерінің алғашқы чемпионаты өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 22-24 қыркүйек аралығында KazEqui-2017 халықаралық жылқы фестивалі мен көрмесі өтеді. Шара барысында асыл тұқымды араб сәйгүліктерінің алғашқы чемпионаты жоспарланған.

Қазақстанда өсіріліп жатқан 20-ға жуық асыл тұқымды жануар дене тұрқы, қимыл-қозғалысы стандарттарға сәйкестік бойынша бақ сынасады.
 

Екі күнге созылатын фестиваль Алма-Арасан шатқалындағы ат спорт клубында өтеді.
 

Аталған клубта жылқыларға барынша жағдай жасалған.
 

«KazEqui-2017 - бұл ерекше шоу. Орталық Азиядағы бірегей көрме. Мұнда асыл тұқымды жылқы бағатындар ғана емес, сарапшылар, жылқы индустриясының өндірушілері, осы спорт түрінің өкілдері бас қосады», - деді клуб жетекшісі Марина Буканова.
 

KazEqui-2017 фестивалінде іскерлік кездесулерден бөлек отбасылық демалыс түрлері қарастырылған.
 

Жас ипполог үйірмесі, понимен серуен, отбасылық квестке қатысуға мүмкіндік туады.
 

Кешкісін жылқылардың қатысуымен спектакльдер, түрлі тұқымға жататын жылқылардың шеруі ұйымдастырылады.
 

Келушілер әлемдегі ең ірі Шайр тұқымдас жылқылардан бастап ең мәстек жылқыларға дейін көре алады.
 

Сонымен қатар Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең кішкентай жылқы американдық Гулливер келеді.
 

«Соңғы уақытта Қазақстанда жылқы спорты ерекше қарқынмен көтеріліп келеді. Халықтың жағдайы жақсарған сайын таза тұқымды жылқы бағу да пайдалы инвестиция құралына айналуда Қазақстанда жылқы иесінің мәртебесі жоғары. Сондықтан қазақтардың арасында жылқыға қызығушылық бұрынғыдай артып келеді», - деді кәсіби жылқы өсіруші Игорь Бочкарев.
 

Айта кету керек, жылқы фестиваліне кіру билетінің құны 1 күнге 5000 теңге, 12 жасқа дейінгі балалар тегін кіре алады.