Алматыда әріптестері телевидениенің ардагері Шолпан Баймолдинаны соңғы сапарға шығарып салды

АЛМАТЫ. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда телевизияның белгілі майталман шебері, телевидениенің ардагері, көптеген хабарлар мен деректі фильмдердің авторы, режиссер-ұстаз Шолпан Баймолдинаны соңғы сапарға шығарып салды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан телерадиокорпорациясында өткен қоштасуға Шолпан Баймолдинаның туған-туыстары мен достары, әріптестері мен қызметтес болған жолдастары және көптеген шәкірттері келді.

«Қазақ телевизиясы тағы бір ең талантты тұлғасын қайтпас ақтық сапарға аттандырып отыр. Шолпан Қайыртайқызы - қазақ тележурналистикасының құрылуы мен дамуына үлкен үлес қосқан тұлға. Ол телевизия саласына Ленинградтан алғаш келген түлектердің бірі болды. Қасиетті қара шаңыраққа келгеннен бастап, армандарына қанат бітірді. Саналы ғұмырын телевидениеге арнап, осы сала мамандарын дайындауға үлкен үлес қосқан Шолпан Қайыртайқызының бүкіл еңбегі - телевизияның еңбегі. Мыңдаған мамандар ол кісіні ұстаз санайды. Оның барлық еңбегі асыл ағалардың ақ дидарын жазуға арналған. Ол жасаған туындыларының барлығы біздің алтын қорымызда. Енді олардың қатарына өзі келіп қосылды», деді Ұлттық арнаның бас директоры Қайнар Олжай.

Шолпан Қайыртайқызы Баймолдина телевизия саласындағы өлшеусіз еңбегі үшін Кеңес Одағы кезінде Қазақ Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Телевизия және радио үздігі» белгісімен марапатталған. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірі мен қызметі туралы бірнеше бағдарламалар мен фильмдерді эфирге шығарды. Сонымен қатар, жастарға арналған «Құрдастар, «Ровесники», «К 40-летию Великой Отечественной Войны», «Наурыз», «Алтыбақан», «Сұхбат», «Мың да бір рахмет», «Пай-пай жиырма бес», «Жолдас» халықаралық фестивалі сияқты көптеген бағдарламаларды жасаған болатын.