Алматыда «Әсем киім - әйел көркі» республикалық байқауының қорытынды кеші өтеді

АЛМАТЫ. 22 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда ертең, 23 қазан күні Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде мұсылман қыз-келіншектерге арналған,

ұлттық айшықтағы заманауи киім үлгілеріне жарияланған республикалық «Әсем киім - әйел көркі-2011» байқауының қорытынды кеші өтеді. Кеште Қазақстан эстрада жұлдыздары діни әндер орындап, байқау жүлдегерлері марапатталатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, сән шеберлері арасында өтетін аталмыш байқауды - Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы биыл жариялаған болатын.

Талап бойынша, мұсылман қыз-келіншектерге арналған киімдер шариғат талабына сай, қазақы нақыштармен әрленген, бүгінгі заманға сәйкес келетін, сонымен қатар киім үлгісі көрікті және қоғамдық орындарда күнделікті киіп жүруге жеңіл әрі ыңғайлы болуға тиіс.

Бас жүлде - «Ең үздік бас киімге» - 750 000 теңге, І орынға - 500 000, ІІ орынға - 400 000, ІІІ орынға - 300 000 теңге (2 адамға) тігілді. Бұнымен қатар, 150 000 теңгеден бес адамға ынталандыру сыйлықтары берілетін болады.

Байқаудың бас демеушісі- «Мейірімділік жолы - 2010» қоғамдық қоры.