Алматыдағы Құрлық әскерлері Әскери институтының базасында С.Жасұзақовтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы және шетел мемлекеттерінің әскери оқу орындарына үміткерлерді қабылдау
іс-шараларын қорытындылаған кеңес өткізілді.
Кеңес жұмысына әскери оқу орындарының басшылығы және профессорлық-оқытушылық құрам қатысты. Жиынның күн тәртібіне қабылдау комиссияларының ағымдағы жыл бойынша есептері, оқу үдерісіне дайындық және оны ұйымдастыру, сондай-ақ әскери мамандарды сапалы дайындау мәселелері шығарылды.
- Кеңесте Елбасы - Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы мен Қорғаныс министрінің бізге қойып отырған талаптары қарастырылып, болашақ Отан қорғаушыларының дайындық сапасын арттыру үшін нақты шешімдер қабылданды, - деп атап өтті генерал-полковник Сәкен Жасұзақов. - Әскери оқу орындарына түскен жастар, сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университеті мен шетелдік әскери оқу орындарына түскен офицерлер болашақта Отан қорғаушыларының қатарын толықтырып, әскери борыштарын абыроймен атқаратын болады.
Гвардейск гарнизонында төраға әскери міндеттілердің жиынынан өтіп жатқан резервтегілермен әңгімелесті. Тамыз айының соңында әскери міндеттілер алған теориялық білімдерін тәжірибе түрінде сарапқа салып, сынақ тапсыратын болады. Әзірге генерал-полковник Сәкен Жасұзақов тіркеу құрамындағы бірқатар әскери қызметшілерді жауынгерлік дайындықтағы жақсы көрсеткіштері үшін грамоталармен наградтады.