Оған Қазақстанның танымал эстрада жұлдыздары, балалар шығармашылық ұжымдары және басқа да өнер майталмандары қатысып, жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Одан басқа, мереке аясында жасөспірім алматылықтар арасында асфальтке сурет салу бойынша «Астана-Алматы пойызы» байқауы және басқа да бірқатар спорттық шаралар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс етілді.
«Бүгін бір тамаша мерекені атап өтіп жатырмыз. Бүгін Астана мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні! Бұл мерекемен барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын! Осындай тамаша Астанамыздың бар екендігін, елімізде 100-ден астам түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқандығын мен мақтан тұтамын», - деді Алматы тұрғыны Сәбира Тәңірбергенова.
Айта кетелік, бүгін Алматы қаласының барлық аудандарында Астана күніне арналған мерекелік концерттер өткізіліп жатыр. Ал кешке, Республика Сарайы алдындағы алаңда жалпықалалық концерт болады.