Алматыда Астананың туған күніне орай бірқатар нысандар ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Астана қаласының туған күніне орай, балабақша мен әлемдік брендтегі қонақ үй пайдалануға берілді. Олардың ашылу салтанатына қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.

Мегаполистің Әуезов ауданында орналасқан әрі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған балабақшаның жалпы көлемі - 1,6 мың шаршы метрді құрайды. Қала басшысы бұл нысанның әлеуметтік маңыздылығын ерекше атап өтті. Ауданның халық тығыз орналасқан аумағында бой көтерген бұл балабақша алғашқы кезде 180 балдырғанды қабылдайды. Кейінірек балаларды қабылдау жұмысы одан әрі жалғасатын болады. Мектеп жасына дейінгі жаңа мекеменің ашылуы арқасында 45 жұмыс орны ашылды. Мұнда 25 педагог сәбилерге үш тілде  - қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде дәріс беретін болады.

Ал, «Балапан» бағдарламасының арқасында әр сәбиге кететін шығынның бір бөлігін мемлекет төлейді. Бұл ата-аналар үшін үлкен жеңілдік екені сөзсіз.

Дәл осы күні әкім көлемі - 15 мың шаршы метр болатын, 190 нөмірі бар әлемдік брендтегі 4 жұлдызды «Shera Park Inn» қонақ үйінің ашылуына қатысты. Нысан Медеу ауданында орналасқан. Әкім мұндай қонақ үйлердің қажет әрі маңызды екендігін атап өтті.  Жаңа қонақ үйдің арқасында тұрақты 80 жұмыс орны ашылды. Мұндай мейманханалардың көп салынуы қонақ үй бизнесінде бәсекелестікті қалыптастырып, «Универсиада - 2017» сынды халықаралық жарыстар кезінде қаланың беделін арттыра түседі.  Алматы қаласы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қонақ үй құрылысында отандық кәсіпорындардың материалдары кеңінен пайдаланылған.

Айта кетелік, Алматыда шағын және орта бизнестің үлесі арта түсуде. Бүгінгі таңда оңтүстік астанада барлығы 185 000 шағын және орта бизнес нысандары тіркелген. Оларда 580 000-нан астам адам жұмыс істейді. Өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілері 4,2 трлн. теңгенің өнімін шығарды. 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім - 21,1 пайызды құрады.