Алматыда «Асыл Арман» тұрғын үй кешені маңындағы эстакада құрылысы 50% орындалды

Фото:
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Асыл Арман» тұрғын үй кешені маңында эстакада мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жалғасуда. Бүгінгі күні жұмыстардың 50%-ы орындалды. Бұл туралы ҚазАвтоЖол басшысы Мейірхат Қасымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Асыл Арман» жобасының құрылысына жауапты мердігер ұйым жұмысына салғырт қарап, олармен келісімшарт бұзылды. Бүгінгі күні жаңа мердігер ұйым анықталып, нысандағы барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары қайта жанданды. Жоба бойынша жұмыстың 50% - ы орындалды. «Құбыр» типті эстакада мен жер үсті жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жалғасуда»,- деп атап өтті ҚазАвтоЖол басшысы Мейірхат Қасымбаев.

Еске салайық, ақпан айында Алматы-Бішкек бағыты бойында орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары қалаға шыққанда және кері қайтқанда тек айналма жолдармен қатынауға мәжбүр екені айтылған болатын.

Осы мәселені шешу үшін «Алматы-Бішкек» автожолында «құбыр» үлгісіндегі жолайрық (18+700 шақырым) және Райымбек ауылына бұрылыстағы қосымша жаяу жүргіншілер көпірін (19+860 шақырым) салу үшін жеке жоба («Алтын-Орда» жобасына кірмейтін) әзірленді.