Алматыда аудандардың рейтингі жасалды
19:01, 22 Қаңтар 2009
АЛМАТЫ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің рейтингі жасалды. Бұл бүгін қалалық әкімшілікте өткен 2008 жылдың қорытындысына арналған алқалы жиында айтылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Лариса Васильеваның айтуынша, Алматы қаласы аудандарының рейтингі негізгі 33 көрсеткіш бойынша жасалған. Онда халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, қылмыс деңгейі сияқты мәселелер басты назарға алынған. Оның қорытындысы бойынша бірінші орынды Әуезов, екінші орынды Бостандық, үшінші орынды Жетісу ауданы иеленді. Ал соңғы 3 орынды Алмалы, Түркісіб және Медеу аудандары бөлісіп отыр. «Әуезов ауданы 2008 жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 13,9 миллиард теңге, жергілікті бюджетке 13,6 миллиард теңге салық түсірді. Бұл көрсеткіш бойынша жоспар республикалық бюджеттің салық түсімі бойынша 113,3 пайызға, жергілікті бюджеттің салық түсімі бойынша 105,6 пайызға орындалды», дейді Әділ Несіпбаев. Оның сөзіне қарағанда, ауданда өткен жылы жұмыссыз ретінде 1205 адам тіркеліп, 1002-сі жұмысқа орналастырылған.