Алматыда аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 5 балдық рейтингі жасалды

;           АЛМАТЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласында жасалған  5 балдық рейтингте ең жоғары көрсеткішке Түрксіб ауданы ие болды. Оны қала әкімі бүгін  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелеріне арналған алқалы жиында айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         "Біз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жұмыстардың  қай ауданда қалай жүргізіліп жатқанын анықтау үшін 5 балдық рейтинг жүйесін жасадық. Онда пәтер иелері кооперативіне (ПИК) басқарушы директор енгізуде  ең жоғары 100 пайыздық көрсеткіш Алатау мен Бостандық аудандарында, ең төменгі 18 пайыздық көрсеткіш Әуезов ауданында тіркелді. Кондоминум нысандарын тіркеу Алатау мен Жетісу аудандарында  37 пайыз, Медеуде 35 пайыз,  Алмалыда 27, Түрксіб пен Бостандықта 21 пайыз,  Әуезовте 19 пайызды құрады. ПИК аумағын күтіп ұстауда ең жоғары көрсеткіш Түрксіб (67 пайыз) пен  Жетісу (51 пайыз) аудандарында, ең төменгі 14 пайыз Әуезов ауданында тіркелді. ПИК төрағаларының тұрғындар алдындағы есеп беру көрсеткіші  Алатау мен Түрксіб аудандарында  100 пайыз болса, Әуезов ауданында 11 пайызды ғана құрады. Әуезов ауданы тек ПИК жұмысына қатысты тұрғындар тарапынан түскен  шағымдары санының аздығы (23,2 пайыз) бойынша  ғана көш бастайды. Аулалардың санитарлық тазалығы бойынша да ең жоғары 73 пайыздық  көрсеткіш Түрксіб ауданында тіркелді", дейді қала әкімі Ахметжан Есімов.  Оның айтуынша,  жалпы талдауда  Түрксіб ауданы ғана  бестік балға ие болған. Ал Алмалы, Медеу аудандарына - төрттік балы, Жетісу, Алатау, Бостандық аудандарына  - үш балл берілсе,  Әуезов ауданы   екі балл алды.