«Мен 3 км және 800 метрді жүгіріп өттім, екі қашықтықта да бірінші болып мәреге жеттім. Жақсы нәтиже көрсеттім деп ойлаймын. Осы спорт түрі өзіме жақын, жүгіргенді ұнатамын. Жасым 36-да, алты баланың әкесімін. Меніңше, мұндай спорттық шараға барлығы қатысу керек. Ауа-райы қолайлы, көңіл-күй керемет, жақсы әсер алдым», - деп бөлісті жарыс қатысушысы Рауан Әбілханов.
«Метеор» спорттық шарасы қала тұрғындарын негізгі жүгіру түрлерімен шұғылдануды насихаттау, осы спорт түріне қызықтыру, сондай-ақ, әуесқойлардың жүгіруден шеберліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.
Жарысқа 14 жастан жоғары 150-ге жуық әуесқой спортшылар қатысты. Олар жеке және командалық эстафеталарда бәсекеге түсті. «Метеор» қысқа және орташа қашықтықтарда кәсіби жүгіруден спорттық дайындықты сынауға мүмкіндік береді.
«Бүгін жеңіл атлетикадан кәсіби қашықтықтарда әуесқойлар жарыс жолына шықты. Сөреден мәреге дейін барлығы халықаралық ережелерге сәйкес өтті. Қатысушыларды кәсіби төрешілер бағалады. Біз бұл шараны жылына үш рет ұйымдастыруды жоспарлаудамыз. Әуесқойлар арасындағы жарыс болғандықтан, барлығы нәтижеге жұмыс істейді. Келесі шараны жабық маньежде өткізуге мүмкіндік болып жатса қаңтарда өткіземіз, болмаса, сәуір айында осы стадионда кездесетін боламыз», - деп бөлісті жеңіл атлетика Федерациясының өкілі және «Метеор» жобасының координаторы Наталья Попова.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және медальдармен марапатталды, сондай-ақ, келесі жарысқа тегін қатысуға мүмкіндік алды.
Аталмыш шара Алматы қаласының жеңіл атлетка Федерациясы, «Экстремалды атлетика» қоғамдық бірлестігі мен Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен өткізілді.