Алматыда Ауғанстанға қолдау көрсететін өңірлік орталық ашылады
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер вице-министрі Қанат Тумыш елордада өтіп жатқан Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында айтты.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ агенттіктерін өңірлік деңгейде үйлестіруді жақсарту мақсатында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ өңірлік орталығын Алматыда құру туралы бастама көтерген болатын. Аталған идея Орталық Азияның барлық мемлекеттері мен ауған тарапынан қолдау тапты. Бұл бастама халықаралық ұйымдар мен Орталық Азия және Ауғанстан үкіметтері арасындағы ынтымақтастық тиімділігін арттыруға үлесін қосады деген пікірдеміз», - деді вице-министр.
Еске сала кетсек, 8 маусым күні Астана халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді одан әрі арттыру қажеттігін ұсынған еді.