Алматыда ауыл мұғалімінің жеке сурет көрмесі өтеді

АЛМАТЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ақпанның 9-ы күні Алматы облысы Райымбек ауданы Нарынқол аулындағы мектептің мұғалімі Алмас Сырғабаевтың "Қарлығашым, келдің бе?" деп аталатын поэтикалық сурет көрмесі өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл шара ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың рухына арналып отыр. Оны ұйымдастыруға қолдау көрсеткендер Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қаламгер-Медиа» орталығы. Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық университетінің түлегі Алмас Болатханұлы бұған дейін республикалық «Ұлан», «Балдырған» басылымдарында суретші болып, бірқатар ақын-жазушылардың кітаптарының безендірушісі болған. Қазіргі таңда Хантәңірі баурайындағы Нарынқол ауылындағы мектепте жас ұрпақты сурет өнерінің қыр-сырына баулып жүр. Қылқалам шебері 2007 жылы Мұқағалидың «Райымбек, Райымбек!» поэмасының желісі бойынша сериялы графикалық суреттер жинағын кітап етіп шығарды. Сурет өнеріндегі шығармашылық ізденістері талғампаз өнер сүйер қауымның ыстық ілтипатына ие болған, жас дарынның шығармалары 1998 жылы Астанада өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде және 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығында көрсетілді. Сондай-ақ 2007-2008 жылдары Талдықорған қаласында жеке көрмесін өткізген еді. Енді поэзия құлагерінің туған күніне орай ол өз шығармашылығын Алматыда қала тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынбақ. Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өтетін бұл көрменің жұмысы бір аптаға созылмақ. Оған Алмастың 50-ден астам жаңа туындылары қойылады деп жоспарланып отыр.