Алматыда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 10-11 қазан күні Алматы облысында ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтеді. Онда 400 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдері саудаланады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа маусымды ашуға Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалалары және Алматы облысының 17 ауданының ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілері келеді, сонымен қатар, жәрмеңкеге «Жетісу» ӘКК «ҰК» АҚ да қатысады»,– деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.

Жәрмеңке қаланың екі ауданында таңғы сағат 8:00-ден кешкі сағат 17:00-ге дейін өтеді:

– «Астана» алаңында (Абылай хан даңғылынан Н.Назарбаев даңғылына дейін);

– «Алатау» концерт залы аумағында (Нұркент ықшамауданы, 6);

Алматы тұрғындары мен қала қонақтарына жалпы көлемі 400 тоннадан асатын 50-ден астам өнім түрлері ұсынылады.

«Ет, жеміс-жидек, көкөніс, сүт, балық өнімдерінің бағасы нарықтағы орташа деңгейден 10-15%-ға төмен болады. Жәрмеңке азаматтарды қолжетімді баға бойынша сапалы ауыл шаруашылығы өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі»,– деп атап өтті әкімдік қызметкерлері.

Азық-түлік жәрмеңкесі өтетін нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды, оның ішінде маска режимін, қол гигиенасын (қолғаптар, антисептиктер) және әлеуметтік қашықтықты берік ұстану қатаң талап етіледі.