Алматыда ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Тамыздың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Астана алаңында қалалық ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Дәстүрлі жәрмеңкеге бұл жолы Алматы облысының Райымбек, Жамбыл, Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және  Қаратал аудандары қатысуда. Онда қала тұрғындарына облыстағы  88 селолық округтен 185 тауар өндіруші 37 миллион теңгенің өнімін саудалағалы отыр.  Бағалары базар бағаларынан 10-15 пайызға төмен", дейді қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рүстем Жалғасбай. Бұған дейін маусымның 27-сі күні өткен жәрмеңкеге Алматы  облысының 12 ауданынан  120 тауар өндіруші қатысқан болатын. Онда 37 миллион теңгенің саудасы жасалды. Оның 17 миллионын ет, 5 миллионын сүт өнімдері құраған еді.

"Келесі  жәрмеңке енді қыркүйектің 4-і күні болады. Одан кейін ол әр сенбі, жексенбі күндері  қаланың әр ауданында жалғасады. Мәселен алдын-ала жасалған келісім бойынша Бостандық ауданында - Іле ауданының, Алмалы ауданында  - Қарасай ауданының  ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері өз өнімдерін саудалайды. Олардың    тауарларының сапасы  толық сараптамадан  өткізіліп, қадағалаланып отырады", дейді Рүстем Жалғасбай.