Алматыда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 20 сәуір. ҚазАқпарат - Алматы облысының өндірісшілері қала базарларынан 15-20 пайыз төмен бағамен Алматыдағы «Астана» алаңында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізіп жатыр.

Оған облыстағы 16 аудан мен 3 қаладан 82,3 млн. теңгенің 400 тоннаға жуық 40-тан астам ауыл шаруашылығы өнімдері қойылған. Оның 70 тоннасы - көкөніс, 60 тоннасы - картоп, 50 тоннаға жуығы - ет, ал 10 тоннадайы - балық өнімдері.

«Өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін төмен бағада, арадағы делдалсыз тұтынушыға жеткізу мақсатында 2012 жылы Алматыда 253 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда қала тұрғындарына 700 млн. теңгенің азық-түлігі саудаланды. Мұнда жыл бойы Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай және Талғар аудандарының тауар өндірушілері апта сайын өз өнімдерін ұсынып отырады», - дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков.