Алматыда «Ауылым - алтын бесігім» атты поэзиялық ән кеші өтті
17:11, 27 Қазан 2011
ЛМАТЫ. 27 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына және ҚР Ұлттық кітапханасының 80 жылдығына орай ауылдың гүлденуі мен дамуына арналған «Ауылым - алтын бесігім» атты поэзиялық ән кеші болып өтті.
Кешке жас ақындар, қазақ эстрадасының әншілері, сонымен қатар, кітапхана оқырмандары қатысты.
Кеш барысында жас ақындардың отансүйгіштікке, тәуелсіздікке, ауылдың гүлденуіне арналған жыр-өлеңдері оқылып, ауылды қайта түлету мен гүлденуге байланысты келелі ойлар айтылды. Сонымен қатар, эстрада жұлдыздарының орындауларында ауылға арналған әндер шырқалды.
Бұнымен қатар, кеш аясында кітапханада «Ауылым- әнім» атты безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Кеш барысында: "Салт, дәстүр, мәдениеттің сарқылмас мол қоры ауылдарымызда сақталған. Ауыл қазақтың күретамыры. Ұлт руханиятының ошағы да содан бастау алады",-деп атап өтілді.
Аталмыш шара қазан айының «Ауылды қайта түлетуге» арналғандығына орай арнайы өткізілді.